Музейлер тарихы

Ертіс өңірінде өлкетану ісі ХҮІІ – ХҮІІІ ғасырларда осы кең ауқымды алып жатқан жерді игеру мен оны зерттеу барысында пайда болды. Алғашқы картографиялық, тарихи-географиялық және археологиялық жұмыстар ресейлік, неміс және швед саяхатшыларының қатысуымен жүргізілді, кейін біздің өлкеміздің сипаттамаларын жинаған ғылыми экспедициялар бұл іске елеулі үлес қосты.

Осы материалдардың бір бөлігі, ішінара, Павлодар облысы туралы мәліметтер, П.Палласта, Г.Миллерде, Г.Ренатта, П.Фалькада, Х.Барданесте, И.Унковскийде және басқаларда бар. Олар өз еңбектерінде осы жерлердің сипаттамасын қалдырған.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында біршама қолайлы жағдайлар қалыптасып, кейін олар алғашқы облыстық музейдің ашылуына алып келді. Павлодарда музей ісін дамытуға Семей қаласы игі ықпал етті. Өйткені онда өлкенің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан жер ауып келген және жергілікті интеллигенция өкілдері шоғырланған болатын.

20 век

Павлодар өңірінде өлкетану ісі ертеден дамыған. Өлкенің тарихы мен мәдениетін зерделеуге И.Андреев, М.Шорманов, Г.Потанин, Н.Коншин, Ә.Бөкейханов және басқа зерттеушілер қатысты. Осы зерттеушілердің жұмысы өңірде өлкетанушылық зерттеуді кейін дамыту үшін іргетас қалады. Өлке тарихында мәдениетіміз бен әдебиетімізде ерекше орын алатын Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров жарқын із қалдырды. 1936 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамының Павлодар бөлімшесі ашылды.

Павлодар бөлімшесінің жұмысына тамаша өлкетанушы, фотограф, кейін музейдің бірінші директоры болған Д.П.Багаев зор үлес қосты. Ол Императорлық орыс география қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің мүше-корреспонденті болып сайланды. Оның түсірген суреттері мерзімді басылымдарда жиі шығып тұрды және жеке коллекцияларға айналды. Қазақстанды зерттеу қоғамының Павлодар бөлімшесін ұйымдастырушылардың бірі болған Д.П.Багаев өлкетану ісімен белсене айналысады. Оның фотосуреттерінен дамып келе жатқан Павлодар өңірінің тарихы, мәдениеті мен экономикасы көрініс тапты.

Павлодар бөлімшесінің ашылуы Павлодар облысы өлкетану ісінің тарихында аса маңызды оқиға болды. Алғаш рет Павлодар өңірін жаратылыстану-географиялық, тарихи-археологиялық және этнографиялық жағынан зерттеу проблемаларымен айналысатын арнайы ұйымдық ғылыми-зерттеу құрылымы ашылды.

1938 жылғы 25 сәуірде облыстық білім беру бөлімі құрамында Ташмағамбетов, Д.П.Багаев, Ф.Бандура бар қоғамның ұйымдастыру бюросын ашты. Бұдан басқа қоғамның Дмитрий Поликарпович Багаев басқарған «Қазақстан» атты дербес фотографиясы болды.

20 век

Алайда, өлкетану жұмысы бұдан көп ерте басталды. Павлодар бөлімшесі жұмыс істеген жылдар ішінде облыста өлкенің табиғи байлығын зерттеуге елеулі үлес қосқан бірқатар ірі зерттеушілер болды. 1926 жылы Баянауылда омбылық профессор П.Драверт болып, таңбалы жазулары бар үңгірді табады. Кейін ол алғаш тапқан адамның құрметіне «Драверт үңгірі» деп аталады. Археологиялық олжа жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. 1927 жылы осы жерде белгілі геолог, Баянауылдан шыққан әлемге танымал ғалым Қ.И.Сәтбаевтың досы әрі әріптесі Русаков болып, корунд қорын табады. Осының барлығы туған өлкеге деген қызығушылықты арттырды.

1927 жылы Павлодарда және Баянауылда көрнекті этнограф Ф.А.Фиельструп бастаған антропологиялық отрядтың этнологиялық кіші отряды болды. Антропологиялық отрядты белгілі археолог әрі этнограф С.И.Руденко басқарды. Жұмыс барысында жиналған материалдар кейін Солтүстік-шығыс Қазақстанның қазақ халқының антропологиялық құрамын, шаруашылығы мен мәдениетінің сипатын анықтауға септігін тигізді.

1928 жылы Павлодарда болашақ академик-палеонтолог Ю.А.Орлов болып, Ертістің оң жағалауындағы шөгінділердің астында қалған, гиппарин фаунасы атауына жататын, біздің облыстың аумағында 12-15 миллион жыл бұрын өмір сүрген жануарлардың ғажайып қалдықтарын тапқан. Бұл қазба жұмыстарына фотограф әрі өлкетанушы ретінде Д.П.Багаев қатысқан, ал жергілікті суретші Батурин олардың суреттемелерін жасаған.

Большевистский путь газеті хабарлағандай, 1929 жылғы мамырда құрамында Д.П.Багаев болған бастамашыл топ 2-басқыш мектепте алғаш рет өлкетану үйірмесін ұйымдастырды. Лагутиндер отбасы тапқан алғашқы палеонтологиялық олжалар, Ю.А.Орловтың ақылымен, Павлодарда әлі музейдің болмауынан Омбы музейіне жіберілген. Көріп отырғанымыздай, ғалымдар мен өлкетанушылардың күш-жігерімен Павлодарда бірте-бірте ғажайып материалдар жинақтала бастады. «Қазқонақ» («Гусиный перелет») алабынан табылған палеонтологиялық материалдар республикада ерте дүниеде өмір сүрген сирек жануарлар түрлерінің аса бай коллекциясын құрайды. Жергілікті өлкетанушылар жәдігерлерді жинаудан басқа ештеңе істей алмады. Жәдігерлерді сақтауға арналған дербес үй-жайдың болмауынан кейде өлкетанушылар экспонаттарды өзге музейлерге беруге мәзбүр болды. Әрине, істің мұндай келеңсіз жағдайы ұзаққа бармады, жергілікті билік өз музейін ашуға инициатива жасай бастады.

20 век

1942 жылы «Қазақстанды зерттеу қоғамының» Павлодар бөлімшесі жабылып, сол жылғы 10 маусымда еңбекшілер депутаттары Павлодар облыстық атқару комитетінің шешімімен өлкетану музейі ашылды. Музейге Қазақстанды зерттеу қоғамының барлық істері тапсырылды. Музейдің дербес үй-жайы болмағандықтан, жинау және насихаттау жұмыстары ғана жүргізілді.

Соғыс жүріп жатты... Музей саяси ағарту кабинетімен бірлесіпҰлы Отан соғысына арналған көрме ашты. Осы көрмемен және бұрын «Қазқонақта» Ю.А.Орлов жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылған палеонтологиялық жәдігерлермен музей 1943 жылы Ленин көшесіндегі 1890 жылы салынған бұрынғы №129 үйге көшірілді.

Музей 1944 жылғы 5 қарашада – ресми түрде, ал 1946 жылы келушілер үшін ашылды. Содан 1958 жылға дейін белгілі фотограф, өз өлкесін сүйген құмар өлкетанушы Дмитрий Поликарпович Багаев бірінші директоры болды. Оның өзі түсірген фотосуреттерінің бай коллекциясы мен ескі заттары музей қорын қалыптастыруға ұйтқы болды. Кейін Д.П.Багаевтың коллекциясы 2001 жылы оның мемуарлық музейін ашуға негіз болды. Осындай тағы бір энтузиаст мұнда 1945 жылы суретші болып кіріп, жиырма жылдан аса жұмыс істеген Иван Васильевич Лагутин еді.

Осылайша, Павлодарда тұңғыш өлкетану музейінің ашылуы кездейсоқ оқиға немесе партия органының бастамасы емес, бірқатар өлкетанушылар мен ғалымдардың жоспарлы әрі нысаналы жұмысының нәтижесінде дайындалды. Ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және музейлермен ынтымақтаса жұмыс істеу, білім мен мәдениеттің дамуы, жергілікті өлкетанушылардың жинау жұмыстары, бірінші ғылыми ұйым – Қазақстанды зерттеу қоғамының Павлодар бөлімшесінің ашылуы, міне, осының бәрі жиналып келіп Павлодар қаласында өлкетану музейін ашуға негіз болды.

Ауыртпалығы мол Ұлы Отан соғысы жылдарында өлкетану музейінің ашылуы кездейсоқ емес. Музей халыққа патриотизмді насихаттайтын органның біріне айналды.

Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі өз филиалдарына ғана емес, сонымен бірге Павлодар қаласындағы және облыстың аудандарындағы қоғамдық музейлерге де әдістемелік көмек көрсететіні анық. Музей ұжымы нарықтық экономика жағдайында Ертіс өңірінің тарихын шынайы көрсету үшін жұмыстың жаңа нысандары мен творчестволық жолдар енгізуде.

1964 жылдың өзінде Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Павлодар қаласында облыстық көркемсурет музейі ашылды. Ол Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің көркемсурет бөлімі негізінде тың жерлерді игерудің он жылдығына байланысты ашылды. Оның негізін заманауи өнер коллекциясы құрайды. Кеңінен толымдау принципі ХХ ғасырдың 20-90 жылдары ішіндегі Қазақстанның барлық өңірінің өнерін, оның түрлі стилі мен бағыттарын ұсынуға мүмкіндік берді.

1992 жылы осы тарихи-өлкетану музейінің әдебиет бөлімі бөлініп шығып, Бұқар жырау атындағы дербес облыстық әдебиет және өнер музейіне айналды. Қазір Павлодар қаласында оның екі филиалы жұмыс істейді. Олар: Д.П.Багаевтың музей-үйі және Майра Шамсутдинованың ән-өнер шығармашылығы музей-үйі.

Көрнекті орыс ақыны Павел Николаевич Васильевтің посткеңестік кеңістіктегі жалғыз музей-үйі Павлодар қаласында Чернышевский көшесіндегі 121-үйде орналасқан. Ол 1994 жылы ашылды.

Профессор, музыкатанушы, композитор Наум Григорьевич Шафердің грампластинкаларды жеке жинау коллекциясы негізінде 2001 жылы Шафердің музей-үйі ашылды. Осы ғажайып музей – Павлодар қаласы тұрғындарының мақтанышы, бүкіл Қазақстандағы ерекше өзіндік мәні бар мәдениет ордасы. Әскери Даңқ музейі 2011 жылы Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі ретінде құрылды.

2013 жылы облыстық Достық үйінің Славян мәдениеті орталығында ТМД-да бірінші болып белгілі ақын Марина Цветаеваның апасы, орыс жазушысы Анастасья Цветаеваның музейі ашылды.

Музейлердің өрісі жылдан жылға өсіп келеді. Бүгінгі музей – облысымыздағы ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту орталығы. Олар өлкенің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігін байланыстырып тұрған көпір іспетті.

Яндекс.Метрика