Н.Г. Шафердің музей-үйі

Image Description
Image Description
Image Description
Image Description
Image Description
Image Description

Музей 2001 жылы профессор, музыкатанушы, композитор Наум Григорьевич Шафердің жеке күйтабақтар коллекциясының негізінде ашылды.

27000 күйтабақ (оның ішінен 2000 ауысымдық қордыкі) – бұл нағыз «тарихтың дауысты шежіресі». Онда ХIX мен XX ғасырдың аяғындағы музыкалық шығармалардың жазбалары, саяси қайраткерлердің, белгілі танымал әртістер мен ақындардың дауыстары, көптеген халықтың музыкасы бар. Коллекцияның ең бір нағыз қазынасы 14000 граммофондық және патефондық күйтабақтар, ал олардың кейбіреуі бір-бір данадан ғана.

Фонотекада граммофон, патефон және винил күйтабақтары көрсетіліп ұсынылған. Ең алғашқы граммофон күйтабақтарының жазылуы 1898 жылмен белгіленіп, олар «Пате» фирмасында жасалынған. Онда ескі орыс әндері, шіркеулік хор өлеңдері мен сол кездегі белгілі жетекші опера әншілері Шаляпиннің, Собиновтың, Нежданованың және тағы да басқалардың дауыстары бар.

Коллекцияда жиырмасыншы ғасырдың басындағы патефон күйтабақтары - әлемдік классиканың ең бірінші жазбалары Глинка, Чайковский, Рахманинов, Бах, Моцарт, Гендель, Шопен, Верди, Мендельсонның шығармалары ұсынылған.

Күйтабақтарда барлық «ғасырдың жылдамдықтары» ұсынылған. Олар сондай нәзік (сынып қалатын) жылдамдықтары минутына 33, 45, 78 айналыммен, тіпті кейбірі 90 айналыммен айналатын дыбыс жазатын «Граммофон», «Сирена Рекордз», «Парлафон», «Colambia», «Zonophon», «His master s voice», «Мелодия» және басқа да фирмалардың патефон және винил күйтабақтарында сақталған.

Патефон күйтабақтарында қазақ халық әуендері, Ш.Қалдаяқов әндерінің, Е.Брусиловский мен А.Жұбановтың музыкасына жазылған алғашқы қазақ операларының жазбалары бар. Қазақ музыка бөлімінде ҚазССР халық артисі, қазақ операсының ең бірінші орындаушысы Күләш Байсейітованың орындауынды барлық әндердің жазбалары, сондай-ақ Жамал Омарова мен Роза Бағланованың орындауындағы ертеректегі жазбалары бар.

Қаламбаев пен Мұхитовтың орындауындағы «Кеңес» пен «Балбырауын» күйлері жазылған 1935 жылы шыққан күйтабақ қазақ бөлімінің бірегейлігінің белгісі. Қазақ музыкасы мен орындаушылар бөлімінде барлығы 500 күйтабақ бар .

Олардың арасында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өлеңіне жазылған ән опералық әнші С.Лемешевтің орындауында да, қазіргі заманғы эстрадалық орындаушылардың орындауында бар. Күйтабақтар коллекциясында опералық әншілер Сергей Лемешевтің,Федор Шаляпиннің, эстрадалық әншілер Марк Бернес пен Клавдия Шульженконың, бард Булат Окуджаваның және тағы басқалардың орындауындағы жазбалар бар.

Ерекше талғампаз есту қабылеті барларға нағыз тоба мен монғолдың кеңірдек өлеңін естуге болады. Күйтабақтарда спектакльдердің әдеби-драмалық дыбыс жазбалары, саяси қайраткерлердің, Гагарин мен Левитанның дауыстары бар. Жазбалардың дыбыс жолдарында құстардың сайрағаны, қоңыраудың даусын және де Құран сүрелерін естуге болады. Леонид Утёсов, Любовь Орлова, Евгений Евтушенко, Айман Мұсаходжаева, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, т.б. қолтаңбалары жазылған күйтабақтар жинақтамада ерекше орын алады.

Музейдің 10 жылғы жұмысында 6 мың шығарма цифрленген. Фонотека материалдары бойынша 33 музейлік жоба дайындалған. Олар – Күләш Байсейітова мен Жамал Омарованың орындауындағы ең алғашқы жазбалар, бірінші қазақстандық бард Виктор Мильтоның орындауындағы павлодарлық ақындар Павел Васильев пен Нұтфолла Шәкеновтің өлеңдеріне жазылған әндер, Роберт Рождественскийдің өлеңдеріне жазылған әндер.

Музыкалық туындыларына (сазгерлер мен орындаушылар бойынша) арналған 500 мыңнан астам карточка бар. Осыдан басқа мұражай қорларында лазер күйтабақтары мен кең фильмотекасы бар. Осының бәріне 20 мың кітап, көне журналдар мен газеті бар үлкен кітапхана қосылады.

Мұражай қызметкерлері штаты алты адамды құрайды, осы адамдар топтаманы үнемі жүйелейді және толықтырады. «Шафердің үйіне» жыл сайын 10 000-нан астам адам келеді. Мұражай белсенді ағартушылық жұмысты өткізіп жатыр, бірегей топтаманы пайдаланып, қызметкерлер әдеби-музыкалық кештерді, граммофондық жазбаның концерттерін, шығармашылық кездесулерді, кітаптар мен музыкалық дискілердің тұсаукесерлері өткізіп жатады, экскурсиялар, лекциялар және көрмелер жиі болып отырады.

Апта сайын, жұма күндері сағат 18.00-де музейдің концерт залында әдеби-музыкалық кештер, кездесулер ұйымдастырылып, тек қана «Шафердің музей-үйінің» қорында сақталған мүлдем ұмытылып кеткен сирек кездесетін музыканы тыңдайды. Кереғар пікірлерге қарамастан граммофондық жазбалар XXI ғасырда да музыкалық нарықтан кетпек емес. «Грампластинка – бұл ғажайып музыкалық музей. Музей қоры сарқылмас мол қазына».

Шафердің үйі граммофондық күйтабақтардың бірегей мұражайы Павлодар қаласының тұрғындарының мақтанышы және бүкіл Қазақстан деңгейіндегі маңызды мәдени көрікті жері болып табылады.

Бір экспонаттың тарихы

Күйтабақтағы сырлы әуен

«Наум Шафердің Музей-үйіндегі пластиналарда дүниенің еш жерінен табыла бермейтін сирек музыкалық жазбалар кездеседі. Бұл қатарда қазақтың ұлттық музыкалық фольклорына қатысты да құнды жазбалар аз емес. Қазақтың күміс көмей бұлбұл әншілері – Күләш Байсейітованың, Роза Бағланова, Жамал Омарова, Бибігүл Төлегенованың алғашқы шырқаған әндері, дауыстары дәл осы мұражайда сақталып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев пен әйгілі күйші Лұқман Мұхитовтың бірлесе орындаған «Кеңес» пен «Балбырауын» күйлері пластинкаға сонау 1936 жылы жазылып алынғанын айтсақ та, бұл Музей-үйдің халқымыздың руханияты үшін атқарып отырған қызметінің қаншалықты зор екеніне көз жеткізе түсеміз…»

Шафердің Музей-үйінде

Танымал музыка зерттеушісі, жазушы, ғалым, 27 мың күйтабақты жинап, сақтаушы Наум Шафердің есіміне мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде қанық болған едім. 2001 жылдың ақпан айы болатын, Павлодар қаласында Н.Шафердің Музей-үйі салтанатты түрде ашылып, өнерсүйем қауымды қабылдай бастады. Көкейде бұл Музей-үйдің бағыт-бағдары қандай деген сауал тұрды. Сөйтсек, бұл Музей-үйдің ашылуына Наум Шафердің өмір бойы жинаған күйтабақтары негіз болып қаланыпты.

Наум Шафер – өзінің өнегеге толы өмірімен, Қазақстанның мәдени-рухани өміріне сүбелі үлес қосып, оны ерекше қазынамен байытып, молынан еңбек сіңіріп келе жатқан, көзі тірісінде «аңыз-адам» атанған тұлға. Ол кісімен бір сағат дидарласудың өзі ғанибет. Әңгімелесу барысында парасат әлемімен, ойының теңіздей тереңдіг імен, дәстүрлі өнерге деген бұлжымас көзқарасымен таңғалдырады. Ойлы жанары, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқататын мағыналы сөзі, халықтық музыка үлгілерінің қайнар көзін, бастау бұлағын сақтауға деген шынайы жанашырлығы, музыкадағы табиғи тазалықты жақтаудағы берік қағидасы, ерекше ұстанымы, барша халықтардың ән-күй үлгілерін ыждаһаттылықпен жинап, сақтаудағы еңбекқорлығы, өз ісіне деген сүйіспеншілігі, адалдығы, ұқыптылығы – бұл кісінің болмыс-бітімінің о баста музыкамен етене жаратылғанын сездіреді. Ол тірнектеп жинаған әрбір күйтабағын сағаттап отырып, ықылас қоя тыңдай алады. Ойға шомады. Сол кездегі қоғамның, өмірдің өзіне тән суреттері мен сипатын, қоғамның, замана кеңістігін сезінгендей күй кешеді. Музыка – жанды нәрсе. Оның өз тілі, айтар ойы, берер тағылымы бар. Наум Шафер осының бәрін жан дүниесімен сезініп, музыка әлемінде өмір сүріп келе жатқан рухани бай тұлға, жаратылысы бөлек азамат.

Биыл жаз айында Павлодар қаласына барған сапарымда осы руханият ордасына (солай деп айтуға толық негіз бар) арнайы атбасын бұрып, Наум Шафермен жүздесіп, танысуды мақсат еттім. Музей- үйдің директоры Татьяна Сергеевна Корешковамен алдын ала хабарласып, кездесудің мән-жайын талқылап алған соң, мекенжай бойынша келіп жеттім. Көпқабатты үйдің бірінші және екінші қабаттарында орналасқан қарапайым ғана Музей-үйдің іші табалдырығынан аттаған кезден-ақ ерекше әсер берді. Бұл әсер ең алдымен Наум Шафермен бетпе-бет кездесіп, ғибратқа толы әңгімесін тыңдау алдындағы жүректің қобалжуынанболар. Екіншіден, Музей-үйдегі жағдай мен ерекше аура адамды бірден баурап алып, өзінің дәстүрлерінен сыр шерте бастайтындай. Қабырғадағы ілулі тұрған ақпараттық стендтер, Музей-үйдің тарихын таныстыратын құжаттар, фотосуреттер, музыкалық пластинкаларды сақтауға арналған сөрелер орналасқан кабинеттер, өткен ғасырдың орта шенінен бері сақталып келе жатқан газет-журнал тігінділері, сирек кітаптардан тұратын бай кітапхана бөлмесі, т.б. маңызды дүниелер жайдан-жай, бекерден-бекер жинақталып тұрмағаны аян. Мұның бәрі, егер оқып таныссақ, тарихтың парақтары, естіп, тыңдасақ, музыкалық әлемнің ғажайып үлгілері.

Директор, музыкалық мұралардың жанашыры Татьяна Сергеевна жылы шырайлы жүзбен қарсы алып, Наум Шафердің қазіргі таңда өте бір маңызды шаруамен шұғылданып отырғанынан хабардар етті. Ол кісі қабылдағанға дейін Музей-үйдің тыныс-тіршілігімен таныстыруды бастап кетті.

Астыңғы және үстіңгі қабаттан тұратын Музей-үйдің әр бөлмесі Наум Шафердің жеке кітапханасына, оқып пайдаланған газет-журналдарына, орналасқан сөрелері үйдің төбесіне жетіп тұрған пластинкаларға сықа толы. Татьяна Сергеевна барлығын шетінен таныстырып, баяндап келеді. Мені ерекше қызықтыра түскені, әрине, күйтабақтар, пластинкалар. Өйткені бұл музыкалық әуенді сақтаушы құралдар бүгінде қолданыста жоқ. Дегенмен, ол өзінің бағалы құнын жоғалтқан емес. Қазіргі таңда барлық музыкалық туындылар СД-дискілерге, сандық технологияларға жазылатын болса, сөрелерде ұқыпты етіп жиналып тұрған пластинкалар, яғни күйтабақтар біреулер үшін ескінің сарқыншағы іспетті көрінуі де ғажап емес. Ал шынтуайтына келгенде, бұл қазіргі өзіміз күнде қолданып жүрген СД-дискілердің арғы атасы екенін де ұмытпауымыз керек. Мәселен, Наум Шафердің Музей-үйіндегі пластиналарда дүниенің еш жерінен табыла бермейтін сирек музыкалық жазбалар кездеседі. Бұл қатарда қазақтың ұлттық музыкалық фольклорына қатысты да құнды жазбалар аз емес. Қазақтың күміс көмей бұлбұл әншілері – Күләш Байсейітованың, Роза Бағланова, Жамал Омарова, Бибігүл Төлегенованың алғашқы шырқаған әндері, дауыстары дәл осы мұражайда сақталып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев пен әйгілі күйші Лұқман Мұхитовтың бірлесе орындаған «Кеңес» пен «Балбырауын» күйлері пластин каға сонау 1936 жылы жазылып алынғанын айтсақ та, бұл Музей-үйдің халқымыздың руханияты үшін атқарып отырған қызметінің қаншалықты зор екеніне көз жеткізе түсеміз.

Алғашқы баспалдақ

«Бозайғыр» шығармасының жай-жапсары нақышына келтіріліп, пысықталған соң Наум Шафер музыканттарға алғысын айтып, шығарып салды да, біз бірден танысып, содан кейін сұхбатымызға кірісіп кеттік.

Әңгімесінің басында ол: «Менің өміріме, шығармашылығыма үлкен әсер еткен тұлғалардың бірі ол – Евгений Брусиловский» деп композиторды қаншалықты құрмет тұтып, ардақтайтынын білдірді. Оған себеп те жоқ емес, әрине.

Бәрі де студенттік жылдардан басталыпты. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқып жүрген кезінде Наум Шафер студенттік өнер кештеріне жиі қатысып жүрген екен. Өйткені бойында композиторлық таланты болған соң, өзінің туындыларын сондай кештерде көпшіліктің назарына ұсынып жүріпті. Ол кезде Алматы қаласында жоғары оқу орындары студенттері арасында өнер, музыка фестивальдері жиі өткізілетін дейді. Ондағы мақсат – студенттердің арасында шынайы таланттарды тауып, дарын- қабілеттерінің шыңдалуына әрі қарай қамқорлық жасау. Евгений Брусиловский студенттердің сондай фестивальдерінің көбіне төрағалық етіп, басы-қасында болады.

Наум Шафердің атақты композитормен танысуына қазақтың көрнекті жазушысы, сөз зергері Ғабит Мүсірепов себепкер болыпты. Бірде КазГУ-дегі студенттер кешінде өзінің төл туындысын орындап берген Наум Шафердің композиторлық талантына риза болған Ғабең оған Евгений Брусиловскиймен танысу жөнінде кеңес беріпті. Әрине, қарапайым студенттің атақ-даңқы жер жарып тұрған композитордың алдына барып, танысуға жүрексінетіні түсінікті жайт қой. Осыны сезген Ғабең Брусиловскийге өзі хабарласып, болашағынан мол үміт күттіретін студент жайлы әңгімелеп, таныстықтың іс жүзінде жүзеге асуына ұйытқы болған екен. Осылайша жас шәкірт әйгілі композитормен танысып, ағалы-інідей боп, араларында мызғымастай шығармашылық байланыс, достық орнапты.

Таныстықтың сол күнінен бастап ол талантты композиторды өзіне ұстаз тұтады. Тәлім-тәрбиесін алып, ақыл-кеңесін тыңдап, шәкірттік зердесіне тоқи береді. Евгений Брусиловский композитор- студенттің шығармаларын тыңдап, оң бағасын береді. «Композитор адам өзінің шығармашылық қазанында ғана қайнамай, музыкалық фо льклордан, өнер мен әдебиеттен нәр алып отыруы керек» деп ақылын айтады. Өзі филология факультетінде білім алып жүрген Наум Шафер Брусиловскийдің әдебиетті терең білетініне қайран қалады. «Брусиловский мені әдебиеттегі әлсіз тұстарымды біліп алып, қандай жазушының қандай кітабын оқуым керек, соның бәрін жіліктеп айтып, шығармашылығымның өрістеуіне көп қамқорлық танытты. Ол кісі менің филфактан консерваторияға ауысуымды қалады. Бірақ мен филология факультетінде қала беруді жөн санадым» дейді Н.Шафер.

Оның күйтабақтарды жинауға деген қызығушылығы сонау бала кезінен басталыпты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес әскерлері Бессарабия жерін жаудан азат етіп, сол жерді мекендеп жатқан отбасыларды жан-жақта депортациялайды. Наум Шафер ата-анасымен, кіші інісімен Қазақстанға қоныс аударылады. Көшіп-қонуға жиналып жатқан сондай бір қарбалас шақта әскерилер үйдегі пластинкаларды тастап кетуді бұйырыпты. Бірақ бала Наум оларды ешкімге бермей, айырылмапты. Міне, жас баланың күйтабақтарға деген махаббаты, ынтызарлығы әскери адамдардың өзін қайран қалдырып, олар баланың жинаған коллекцияларын өзімен бірге алып кетуге рұқсат беріпті.

«Кеңес» пен «Балбырауын»

Брусиловскиймен танысқанымда, өзімнің музыка пластинкаларын жинаумен шұғылданатынымды айттым. Ол мұнымды қызу қолдап, бұл ісімді әрі қарай жалғастыра түсуім керектігі жөнінде бірнеше құнды кеңестер берді. Ең алдымен айтқаны: «Қазақстанда кітаптарды сақтайтын, жинайтын кітапханалар бар. Алайда музыка пластинкаларын жинап, сақтауға арналған фонотекалар мүлде жоқ. Неге осыны қолға алмасқа?». Содан кейін тағы бір айтқан кеңесі: «Ауыл-ауылдарды аралап, күйтабақтарды жина. Қазір бұған ешкім де мән бермей отыр. Ал ертең оның қадірі біліне бастағанда бәрі кеш болады» деді. Менің жинап жүрген күйтабақтарым 1940-50 жылдары шыққан күйтабақтар болса, Брусиловский маған 1930 жылдардағы күйтабақтарды табуға тырыс» деді. Содан бастап мен ең алғашқы, сонау ерте кездерде басылған күйтабақтарды іздей бастадым. Ауылдарды, елді мекендерді араладым. Сөйтіп жүргенде 1936 жылы шыққан күйтабақ табылды. Оны маған тауып берген ағам болды. Бұл күйтабақ әзірге Қазақстандағы ең алғашқылардың бірі болып саналады. Жыл жағынан одан үлкені әзірге табылмағандықтан, біз оны ең алғашқы деп айтып жүрміз. Бұл пластинка Мәскеу қаласында жазылған. Оның бір жағына «Кеңес» күйі, екінші жағына Құрманғазының «Балбырауын» күйі жазылған. Орындағандар – қобызшы Жаппас Қаламбаев пен күйші Лұқман Мұхитов деп көрсетілген. Екеуі бұл туындыларды бірге орындаған, – дейді Н.Шафер.

-Бір айта кетерлігі, Наум Шафердің қазақтың ақын-жазушыларына деген құрметі ерекше. Ол КазГУ-де оқып жүрген жылдары Сәкен сері атанған белгілі жазушы Сәкен Жүнісовпен бір курста қатар оқыпты. Қазақтың маңдайалды қаламгерлерінің көзін көріп, әңгімелерін тыңдаған. Студент кезінде өзі филология факультетінің орыс тобында оқып жүрсе де, қазақ топтарында өтіп жататын Мұхтар Әуезовтің дәрістеріне ұрланып барып тыңдайды екен. Қазақша жақсы түсінбесе де, жазушының болмыс-бітімі, шалқар білімі, эрудициясы, телегей-теңіз білімі ерекше қызықтырған. Музыка зерттеушілері жиі айтып жүргендей, қазақтың шалқар күйі, байтақ әні, мағынасы теңіздей терең жыр-дастандары, термелелері – ғасырдан-ғасырға жетіп, көбінесе атадан балаға дәстүрлі мектептер арқылы беріліп отырған. Ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілері тәрізді ұлтымыздың ұлттық ән-күй мұралары ұрпақтан-ұрпаққа үйрету, үйрену, зердесіне тоқып, көкейіне құйып алу арқылы беріліп, дамытылып келді. Абыз жыраулар, майталман күйшілер, құдіретті әншілер – кең-байтақ даланы өнердің сән-салтанатына бөледі. Осындай мәселелерді ойлағанда қазақ музыкасының жауһарларын таспаға жазып, сақтап қалуға кейінгі ғасырларда ғана мән берілді. Музыка зерттеушісі Затаевич ауыл-ауылды аралап, дәстүрлі өнер мектептерінің аса ірі өкілдерімен жүздесіп, ән- күйлерді нотаға түсірді. Нота музыка тілімен айтқанда шығарма туралы құрғақ ақпарат қана тәрізді. Мұнда туындының мінезі, ырғағы, өлшемі, содан кейін негізгі мелодиялық құрылымы ғана көрсетіледі. Алайда нота шығарманы орындау стилін, күйдің қағысын, әнді айту мәнерін соны жеткізуші адамның өзіндей дәл, нақышына келтіріп түсіндіріп жеткізе алмасы белгілі. Наум Шафер жинастырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отырған күйтабақтар біз үшін осы тұрғыдан алғанда қымбат. Мәселен, Музей-үйде болған кезімде Жаппас Қаламбаев пен Лұқман Мұхитовтың өз орындауларындағы халық күйі «Кеңес» пен Құрманғазының «Балбырауын» күйлерін мұқият тыңдап шықтым. Әсерді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Шын шеберлердің он саусағынан төгілген туынды тыңдаған адамды бірден күй әлеміне саяхаттатып алып кетеді. Музыка пластинкаларының құдіреттілігі сонда, ондағы әрбір дыбыс, әрбір қағыс мөлдір қалыпты таза үнімен, табиғи түрде естіледі. Бейне бір орындаушылар жаныңда отырып, өз туындысын нақышына келтіріп бебеулетіп отырғандай ерекше әсерге бөленесің . Наум Шафер өз сөзінде музыка пластинкалары жазбаларды мәңгілік сақтай алатынын айтты. Ал бүгінгідей сандық технологияларға көп сене бермейді екен. «Егер де ұқыпты сақтаса, көңіл бөліп қарасақ, музыка пластинкаларындағы шығармалар мәңгілік сақталады» дейді ол. Иә, сөзінің жаны бар.

-Қазіргі кезде түрлі компьтерлік технологиялар дамып, сандық құралдар өмірімізге дендеп енсе де, күйтабақтардың орны қашанда бөлек. Патефоннан тыңдалған күйтабақтарда – дәуір дауысы мен ғасырлар үні бар. Ән мен күйдің құдіреті бар. Күміскөмей әншілердің сыңғырлаған дауысы бар. Айналаны қоңыр үнге, қарапайым болмысқа бөлейтін патефон дауысы – талғампаз музыка зерттеушілерінің өзін қайран қалдырары сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда, Наум Шафердің атқарып отырған еңбегін – кез келген адам жасауға тәуекел ете бермейтін үлкен еңбек деп айтуымызға болады. Бұл кісінің бойында ең алдымен музыкаға халықтық өнер деп қарау қасиеті басым жатыр. Наум Шафер – нағыз халықтық өнердің жақтаушысы, жоқтаушысы. Ол кісі бүгінгі заманауи жанрлардан да хабардар. Бірақ жан дүниесіне, күллі болмысына музыкалық биік өнердің халықтың мектептері, дәстүрлері жақындау тұрады. Әрбір ән мен күйдің бұзылмай, ырғағынан жаңылмай, орындау стилі сақталғанын қалайды. Сол үшін де пластинкаларды жинауға ерекше құлшыныспен ден қойғанын айтады.

– Кез келген музыкалық шығарманы белгілі бір деңгейде өңдеуден өткізуге болады. Бірақ ән мен күйдің негізгі желісі, бастапқы нұсқасы өзгермеуі керек. Өңдеу барысында қосылған түрлі әуендер оған тек жанама түрде ғана бояу беру керек. Қазір кейбір адамдар домбыраны, балалайканы өткен күннің сарқыншағы деп қабылдап жүр. Балалайканы көрсе күлетін жағдайға келді. Бұл мүлде дұрыс емес. Халықтық өзіне тән ұлттық аспаптарын мансұқ етуге болмайды. Біз жастарды осыған тәрбиелеп келеміз. Мысалы, домбыра да, қобыз да, балалайка да, осы аспаолайптарда пайда болған халықтық туындылар да өзінің ұлттық сипатымен ерекшеленіп тұрады. Оны ешқандай технология алмастыра алмайды, – дейді ол.

Бір айта кетерлігі, Наум Шафердің Музей-үйі тек қана музыкалық пластинкаларды сақтап отырған жоқ. Бұл үйдің ағартушылық, тәрбиелік мағынадағы рөлі өте күшті. Мұнда мектеп оқушыларынан бастап жоғары оқу орындарының студенттері, музыка колледждерінің шәкірттері, музыканы шын сүйетін тыңдармандар жиі келеді. Өн ер кештері ұйымдастырылады. Музей-үйдің директоры Татьяна Сергеевна «Музей адамдарды әрдайым таңғалдырып отыру керек» дейді. Бұл шын мәнінде солай.

Наум Шафердің Музей-үйінде Қазақстанның ғана емес, барша әлем музыкасының ғажап үлгілері сақтаулы. Елімізге келетін болсақ, қазақ сахнасының майталмандарының, театрларының репертуарларындағы шығармалардың көбі сақталған. Өткен ғасырлардың бай музыкалық шежіресі қаймағы бұзылмай сақталып келеді. Қызығасың, таңданасың, қайран қаласың. Кеңес Одағы кезінде қазақтың халық арасынан шыққан әншілері мен күйшілерінің орындауындағы шығармалар таспаға басылып, жазылды. Пластинкалар арқылы ел-елге тарады. Бірақ сол пластинкалардың қадірін көп адам біле бермегені шындық. Технологияның өзгеруіне байланысты ол қолданыстан шығып, бірте-бірте ұмытыла бастады. Ал бұл пластинкаларда көп дүние бар еді. Наум Шафердің мықтылығы сол – ол соның барлығына ерекше мән беріп, жинауға кірісті. Еңбегі нәтижесіз болмады. Бұл кісінің тарапынан мұндай маңызды жұмыстар атқарылмаса, мәселен, Жаппас Қаламбаев пен Лұқман Мұхитовтың 1936 жылы орындаған туындысын біз қайдан табар едік?

Жалғыз бұл ғана емес, Жүсіпбек Елебековтің орындауындағы Біржанның «Жанботасы» мен Естайдың «Жай қоңыры», Абайдың «Сегіз аяғы», Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауындағы Мұхиттың «Айнамкөзі», әнші М.Толыбаевтың орындауындағы Жаяу Мұсаның «Сапар» әні, Малғаждар Әубәкіровтің орындауындағы Дәулеткерейдің «Жеңгемсүйері», Қали Жантілеуовтің орындауындағы Мәменнің «17 жылы», Кенен Әзірбаевтың өз орындауындағы «Бозторғайы», Әбікен Хасеновтің орындауындағы Тәттімбетт ің «Саржайлауы», Дина Нұрпейісованың өз орындауындағы «Бұлбұл» күйлері Наум Шафердің Музей-үйінде көздің қарашығындай сақталып келеді. Ал енді осы ән-күйлердің күйтабақтарға жазылған жылдарына қарасақ, олар сонау 1936 мен 1959 жылдардың аралығын қамтып жатыр. Бұл күйтабақтардың біз үшін қымбат болатын себебі – мұнда аса дарынды, аса талантты әнші-күйшілердің өз қолымен тартқан күйлері мен өз дауысымен шырқаған әндері бар. Қазақтың өнер мектептерінің ірі өкілдерінің шығармаларын тыңдаған сайын тәнті боласың. Осындай жазбалардың кезінде жасалғанына шүкіршілік етесің.

Әуезді әндер жоғалды

-Біз Кеңес билігін көп сынаймыз, бірақ ол қазақ фольклорын сақтауға көп жақсылық жасады.Никита Хрущев билік басына келгенде Сталиннің атын өшіруге күш салды. Сол кездерде Сталин есімі аталған музыкалық туындылар, Сталинге арналған пластинкалардағы ән-күйлер де жойылды. Біздің қорда бір ауыл ақынының «Айналайын, Сталин» деп айтатын әні бар. Сол әнді тыңдап отырсаң, ол ауыл ақыны Сталинге жағымпазданып отырған жоқ, қайта өз өміріндегі жақсы өзгерісті, қоғам мен өмірдің өркендегенін ән-жырға қосып, шырқап отыр. Бәрі табиғи, жанды. Ал осындай туындылардың оларды түбегейлі жойып, құртып жіберетіндей қандай жазығы бар еді? Біздің үлкен өкінішімізге қарай Хрущевтің кезінде осындай ғажайып музыкалық жазбалар құртылды. Қаншама әндер өшірілді, түп-тамырымен жойылды. Өнер туындысы қашанда өзінің бірінші күйінде сақталуы керек. Ол жаман болсын, жақсы болсын, біз үшін ол со л шыққан уақытымен қымбат, сол бір кезеңімен қадірлі. Жарайды, ән Сталинге арналса да, ол күйтабақта сол әнді орындаған дүлдүл әншінің қайталанбас дауысы бар ғой. Бізге мұндай туындылар осы тұрғыдан қымбат емес пе? Бірақ заман мұндай күйтабақтарды бағаламағандықтан кезінде оларға өте үлкен қиянат жасалды, – деп мұңын шақты Наум Шафер.

Құдайдың құдіретіне таңғалмасқа шара жоқ, Хрущевтің заманында Наум Шафердің музыкалық пластинкаларына ешкім тиіспепті. Халқымыздың бағына орай, бұл пластинкалар уақыт сынынан аман-есен өтіп, осы күнге мұра болып жетіп отыр.

«Қайталанбас әнші

Наум Шафер Хрущев заманында Сталинге қатысты әндерді жою барысында Күләш Байсейітованың дауысы жазылған күйтабақтардың да жойылып кеткенін қынжыла айтты. Ол қазақтың бұлбұл әншісі – Күләш Байсейітованың өнері туралы сағаттап әңгімелеуге бар. Қайталанбайтын ғажайып әнші дейді. Наум Шафердің Музей-үйінде Күләштің ең алғашқы шырқаған әндері сақтаулы тұр. – Күләш Байсейітованы өмірімде бірнеше рет жүзбе-жүз көрдім. Өте талантты еді. Ешкімге ұқсамайтын табиғи дауыс иесі. Ол өз әндерін қазақтың кең-байтақ даласында шырқалған нақышпен айтты. Біз Музей-үйімізде Күләш Байсейітоваға арналған бірнеше кештер ұйымдастырдық, әншінің үнтаспасын жарыққа шығардық. Мұндағы мақсат өнердің биік өресін халыққа жеткізу. Жастар үлгі алсын, үйренсін, халықтық өнердің қандай болатынын білсін деген ойды мақсат еттік. Астанада Күләш Байсейітова атындағы Опера театры болған еді. Қазір бұл театрдан оның есімін алып тастады да, «Астана-Опера» деп атады. Менің ойымша, Күләштің есімін қалдыру керек еді. Кейде мен Күләштің дауысы әлемдік операның стандарттарына жауап бермейді дегенді естимін. Келмесе, келмей-ақ қойсын. Күләштің дауысы ешкімге ұқсамауымен ғажап емес пе?! Мәселен, ол әннің бірінші нотасын айтқан кезден-ақ біз Күләштің дауысы екенін бірден танимыз. Жамал Омарованың, Роза Бағланованың, Бибігүл Төлегенованың дауыстары да сондай. Қазір де мықты, дарынды опера әншілері көп. Бірақ солардың дауыстарын бір-бірінен ажырата алмаймын. Даралық аз да, ұқсастық көп. Ал Күләштің, Розаның, Жамалдың, Бибігүлдердің тек өздеріне тән дауыстары қазақ ән өнерінің ғажайып үлгілері ғой, – деді Наум Шафер.

«Өмірбаяндық деректер

Наум Шафердің өмірбаяны оқырмандар үшін қызық болуы мүмкін дегенді ескеріп, бұл жөнінде біраз мәліметтерді таныстыра кетсек. Ол – 1931 жылы 13 қаңтар күні Кишиневте (Бессарабия, қазіргі Молдова) еврей отбасында дүниеге келген. Жоғарыда жазғанымыздай, Бессарабия неміс басқыншыларынан азат етілген соң ата-анасы және кіші інісімен Қазақстанға депортацияланған. Еңбек жолын он жасында алдымен бақташы, шөп шабушы болып бастайды. Кеңседе жұмыс істейді. Орта мектепті Ақмола (қазіргі Астана) қаласында 1949 жылы бітіреді. Алматы қаласындағы КазГУ-дың филология факультетіне түседі. Оқуды тәмамдаған соң бес жыл орта мектепте орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болады. КазГУ-дың аспирантурасына оқуға түсіп, 1965 жылы Бруно Ясенский ісінің шынайы шебері, өнерді – уақытша құбылыс деп емес, мәңгілік деп қарайтын тұлғаның шығармашылық жолы кім-кімді болсын тәнті етері сөзсіз. Наум Шафер – күйтабақтарын тыңдап отырғанда музыканың тұңғиық әлеміне бойлап кететіндей әсер қалдырады. Иә, шынымен де солай. Наум Григорьевичтің Музей-үйіндегі осынау мол қазына – руханиятымыз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін баға жетпес байлық болып есептеледі. Әттең, біз әлі көп дүниенің қадірін білмей жатырмыз. Әйтпесе, өз елімізде, өз жерімізде тұрған Музей-үйдің қорындағы көп дүниелер дұрыстап зерттелмей де жатыр. Егер әрбір сөрелерді ұқыпты етіп жиналып тұрған күйтабақтарды, оның ішіндегі сазды әуендерді, ән-күйлерді зерттеп-зерделейтіндер болса, мұнда көп дүние жатқандығы сөзсіз. Бұл ең алдымен тарих. Сол кездегі уақыттың тынысы. Өмірдің боямасыз көрінісі. Музыка – тілді қажет етпейді. Бірақ ол адамға әуен, дыбыс арқылы көп сыр айтады. Қарапайым ауыл ақынының риясыз көңілден шырқаған, шынайы жүректен шыққан тамылжыған әні қандай. Роза Бағланованың өз орында уындағы «Ах, самара, городок» әні қандай! Күйтабақтарды патефонға қойып, қосып қалсаң бәрі де шырқай жөнеледі. Тылсым әуендердің жұмбақ саздары көңілді бірден баурап алады. Бейне бір кешегі ұлылардың бәрі ортамызда тірі жүргендей өз дауыстары, орындаған шығармалары тым жақыннан естіліп, қуантады. Күйтабақтардың қажеттілігі, керектігі, оны сақтап-қорғаудың өзектілігі қашанда маңызды болып қала бермек. Музей-үйге кезінде көптеген қауіптер төніпті. Ескірген электр сымдарының әсерінен екі рет өртене жаздаған екен. Үстіңгі қабаттан су да басыпты. Қаржы тексерістері де орын алған. Үйді балабақшаға бермек те болыпты. Ал бүгінде Павлодар қаласының әкімдігі қалалық бюджеттен қаржыландырылатын Шафердің Музей-үйін қаражатты үнемдеу мақсатында қаладағы Бұқар жырау атындағы мұражайдың ғимаратына көшіріп апару жөнінде шешім қабылдапты. Әр мұражай өз орында болуымен құнды, ерекше емес пе?! Сондықтан Наум Шафер қала әкімдігінің бұл шешімін құптамай, Музей-үйдің өз орында сақтала бергенін қалап отыр.

Осынау ғажайып шаңырақта болғанымда ғасырлар сазының әуеніне бөленгендей күй кештім. Біз үшін бәрі де қымбат, бағалы. Музыкалық өнердің шежіресі, бай дәстүрлері, мектептері, сол мектептердің небір ғажайып үлгілері дәл осы шаңырақта тоғысып, әдемі үйлесім тапқан. Әрбір күйтабақ, әрбір дыбыс жазбалары заманының тірі шежіресі. Сол үшін де күйтабақтардағы ғажайып әуендерді қайта-қайта тыңдап, ұлы дәстүрлердің қайнар бастауларын санамызда жаңғыртып отырсақ, құба-құп болар еді.

***

Төлебаев, Д. Күйтабақтағы сырлы әуен: [музыкатанушы, әдебиеттанушы Н. Г. Шафер және оның мұражай үйі туралы] / Д. Төлебаев // Ана тілі. - 2015. - 12 - 18 қараша (№ 45). - 1, 6 - 7 б.


Байланыс мәліметтері Н.Г. Шафердің музей-үйі
Мекенжайы: Павлодар қаласы, 140002, Ак. Бектұров көшесі, 19
Музейдің электрондық поштасы: museum_shafer@bk.ru
Музей сайты: www.shafermuseum.kz
Байланыс телефоны: (7182) 55-26-73
Жұмыс уақыты: 9.00 - 18.00
Демалыс: сенбі-жексенбі
Карта

Әдебиет

Шафер мұражай үйі // Ертістің Павлодар өңірі. Энциклопедия. - Алматы, 2013. – 730 - 731 б.

Әлемге танылды: [облыс орталығындағы Шафер мұражай-үйі музейлер жұмысын жетілдіруге бағытталған "British council" жобасына қатысты] // Сарыарқа самалы. - 2013. - 26 ақпан. - 5 б.

Бықай, Ф. "Сәлем, тың жерім!" жинағы: [облыс орталығындағы "Шафердің мұражай үйі" тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына орай "Сәлем, тың жерім" атты әндер жинағын шығарды] / Ф. Бықай // Егемен Қазақстан. - 2014. - 1 мамыр. - 4 б.

Төлебаев, Д. Күйтабақтағы сырлы әуен: [музыкатанушы, әдебиеттанушы Н. Г. Шафер және оның мұражай үйі туралы] / Д. Төлебаев // Ана тілі. - 2015. - 12 - 18 қараша (№ 45) - 1, 6 - 7 б.

Хашымқызы, Қ. Бірігудің соңы бүліну емес: [Үкіметтің селекторлық отырысында берілген тапсырма бойынша облыс музейлерінде біраз өзгерістер туралы Павлодар облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы А. Сәрсенбаеваның журналистармен кездесуі өтті] / Қ. Хашымқызы // Сарыарқа самалы. - 2015. - 29 қазан. - 5 б.

Яндекс.Метрика